10.04.2026 жылы БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының ТДМ 16 бойынша Жаһандық хабының вице-төрағасы болып табылатын Нархоз университетінде «Қазақстанның жаңару архитектурасы: тиімді менеджмент, құқықтық реттеу және халықаралық қауіпсіздік синергиясы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция сәтті өтті. Конференцияның мақсаты – жаһандық белгісіздік пен қарқынды технологиялық өзгерістер жағдайында Қазақстанның институционалдық архитектурасының трансформациясын талқылау үшін жоғары деңгейлі сараптамалық алаң қалыптастыру. Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттармен үйлестіру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты мен қауіпсіздігі саласындағы өзекті сын-қатерлер мен қауіптер негізгі талқылау тақырыптарына айналды.
Конференция жұмысына БҰҰ-ның Жаһандық коммуникациялар департаментінің, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының өкілдері, сондай-ақ университеттің стратегиялық серіктестерінің басшылары қатысты: Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы жанындағы Президенттік орталық, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты, Алматы қаласындағы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Сайлау оқыту орталығы, Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті, Комплаенс және іскерлік этика қауымдастығының Бақылау кеңесі, Комплаенс және іскерлік этика қауымдастығының Санкциялық комитеті және басқа да халықаралық, мемлекеттік және өңірлік ұйымдар.
Бұл іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 16-мақсаты – «Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар» басымдықтарын ілгерілетуге бағытталған университеттің кезекті стратегиялық бастамасы болып табылады.
Конференция қатысушылары қоғамдық, азаматтық даму мен әкімшілік салада әртүрлі деңгейлерде құндылықтық бағдарларды қалыптастырудың маңыздылығы туралы ортақ пікірге келді. Нархоз университеті дәл осы ұстанымды қолдайды – біз нақты өмірдегі күрделі міндеттерді шешу жауапкершілігін өз мойнына алатын көшбасшыларды даярлау арқылы қоғамды дамытамыз.




